Қазақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмонов тек чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізгісі келетінін ашық айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов басты үміткерді анықтайтын жекпе-жекке қатыспайды. Оның айтуынша, қазір ең маңыздысы – чемпиондық айқасты күту. Бұл туралы ол ULYSMEDIA арнасына берген сұхбатында айтты.
«Әрине, тезірек жазылып, бабымда болып, жылдың соңына дейін жекпе-жек өткізуге дайынмын. Бірақ бәрі титулдың кімге берілетініне байланысты. Сол себепті күтіп жүрмін. Біреумен төбелескенше, күтсе де, келесі жылы болса да тікелей чемпиондық белбеу үшін айқасқан дұрыс деп ойлаймын. Қалай болатынын командамен ақылдасамыз», – деді жауынгре.
Сонымен қатар ол Ислам Махачев туралы да пікірін білдірді:
«Ислам Махачев өте мықты спортшы. Қазір ол чемпиондық жекпе-жекке шығуға дайындалып жатыр. Уақыты әлі нақты емес, бірақ жақында ресми хабарланады. Содан кейін кім жеңеді – соған қарсы шығуға дайынмын».
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов қазіргі таңда UFC рейтингінде үшінші орында орналасқан.