UFC-дің аты аңызға айналған жекпе-жек шебері, америкалық Генри Сехудо Астанаға келді. Ол келесі аптада өтетін Alash Pride FC 108 турнирінің құрметті қонағы болады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Генри Сехудо — UFC тарихындағы екі салмақта чемпион атанған сирек спортшылардың бірі. Сонымен қатар, ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының еркін күрестен алтын жүлдегері.
Қазақстандық жанкүйерлердің сүйікті спортшысы Шавкат Рахмонов туралы пікір білдірген Сехудо былай деді:
— Шавкат дайын. Ол келесі UFC чемпионы болып, белбеуді Қазақстанға алып келеді, — деді ол сеніммен.
Айта кетейік, Alash Pride FC 108 турнирі 27 мамыр күні Астанада өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде бұрынғы UFC файтерлері Дамир Исмагулов (26-3) пен Алан Патрик (15-4-0-1) кездеседі.
Сондай-ақ турнир аясында грэпплинг бойынша бірнеше жекпе-жек өтеді. Алаңға Қайрат Ахметов (27-2), UFC-дің бұрынғы чемпионы Алджамейн Стерлинг (24-5), Арман Оспанов (11-5) және экс-чемпион Ренан Барао (34-10-0-1) шығады деп хабарлайды bassport.kz сайты.