Ultimate Fighting Championship (UFC) ұйымы алдағы UFC 319 турнирінің басты жекпе-жегі жайлы ресми мәлімдеме жасады. Көптен күткен турнир 2025 жылдың 16 тамызында АҚШ-тың Чикаго қаласында өтеді.
Осы кештің басты оқиғасы — UFC-дің орта салмақтағы (84 келіге дейін) қазіргі чемпионы, оңтүстікафрикалық Дрикус дю Плесси мен осы уақытқа дейін жеңіліс көрмеген үміткер, шешен текті Хамзат Чимаев арасындағы титулдық шайқас болмақ.
Бұған дейін дю Плесси мен Чимаев арасындағы кездесу UFC 317 турнирінде өтеді деп күтілген. Алайда, кейін дю Плессидің жарақат алғаны туралы ақпарат тарады, сол себепті жекпе-жек кейінге шегерілген болатын.
Айта кетейік, Хамзат Чимаев соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың қазан айында өткізіп, UFC-дің бұрынғы чемпионы Роберт Уиттакерді бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңген еді. Ал Дрикус дю Плесси өзінің соңғы кездесуін 2025 жылдың ақпанында өткізіп, тағы бір экс-чемпион Шон Стриклендті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп шыққан.
UFC 319 турнирі жанкүйерлер үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл жекпе-жек орта салмақтың жаңа бағытын анықтап беруі мүмкін.